Әлемдік сән индустриясындағы теңдессіз талғам мен сән-салтанаттың символына айналған Валентино Гараванидің қазасы бүкіл бір дәуірдің аяқталғанын білдіргендей болды. Дизайнер әрі кәсіпкер, жаһандық люкс ұғымын қалыптастырған «Made in Italy» (Италияда жасалған) алтын ғасырының негізін қалаушылардың бірі еді. Осыдан санаулы ай бұрын ғана тағы бір итальяндық кемеңгер Джорджо Армани дүниеден өткен болатын. Бұл жағдай құбылмалы жаһандық нарықта итальяндық брендтер бұрынғы биігінде қала ала ма деген заңды сұрақ туындатып отыр.
Көпшілік үшін «Соңғы император» атанған Валентиноның қазасы – тұтас бір модельерлер буынының табиғи түрде сахнадан кетуі. Қазіргі таңда Джанни Версаче, Moschino, Missoni және Krizia сияқты алыптармен үзеңгі қағыстырып, итальяндық стильді әлемге паш еткен шоқжұлдыздардан тек Паола Фенди ғана қалды.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңындағы экономикалық серпіліс кезінде Милан әлемдік сәннің нағыз қайнаған ортасына айналды. Ол кезде атақты сән үйлерінің бірде-бірі шетелдік инвесторлардың қолына өтпеген, тәуелсіз әрі құдіретті еді.
Көптеген сән үйінің шетелдік алпауыттарға сатылып кетуі қоғамда түрлі қауесет тудырды. Алайда, Римдегі ЛУИСС университетінің профессоры, бренд стратегиясы бойынша халықаралық кеңесші Карло Фей дүрбелеңге түсуге еш негіз жоқ екенін айтады.
"Мәселе брендтің таза итальяндық болуында емес, нарықтың қалай жұмыс істейтінін түсінуде. Бұл аңыз адамдардың өмірден өтуі немесе компаниялардың шетелдік инвесторларға сатылуы «Made in Italy» тұжырымдамасын әлсіретпейді. Керісінше, француз топтары дағдарыс кезінде итальяндық брендтерді сақтап қалып, олардың өсуіне жағдай жасады", – дейді сарапшы.
Қазір әлемдік люкс нарығы 360 миллиард еуроға бағаланады. Бұл орасан зор капиталды сақтап қалу үшін мықты стратегия қажет. Валентино Гаравани киімнің өтпелі маусымдық трендтерге емес, мәңгілік стильге бағынуы керектігін өте ерте түсінген көреген тұлға болды.
Бүгінгі таңда итальяндық брендтердің әлеуеті әлі де зор екенін мына фактілер дәлелдейді:
Қаржылық басымдық: 2024 жылғы Istituto Marangoni есебіне сәйкес, геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, Prada және Moncler сияқты итальяндық топтар қаржылық көрсеткіштері бойынша LVMH және Kering секілді француз алыптарын басып озды.
Сәтті басқару: Brunello Cucinelli мен Tod's брендтері қожайынның кім екеніне қарамастан, дұрыс менеджменттің арқасында нарықтағы позициясын нығайта түсті.
Тұтынушы талабының өзгеруі: Қазіргі сатып алушылар үшін жалаң көрсетілімнен гөрі, брендтің шынайы беделі мен тарихы маңыздырақ.
Қорыта келгенде, сән индустриясы түбегейлі өзгерді. Алайда, өзгеріс желкенін дұрыс бағыттай білген компаниялар ғана биікке самғайды.




