«Мінсіздікке ұмтылу түбі жақсылыққа апармайды» дейтіндерге атақты дизайнер әрі режиссер Том Фордтың өмірі тамаша жауап. Жарқын мансап, мінсіз келбет пен жеке өмірге қарап, перфекционизмге бәс тігіп-ақ джекпот ұруға болатынына көз жетеді. Әрине, кез келген табыстың өз құны бар. Фордтың өзі «расымен де, мінсіздікке тым тәуелді болуым ғажап емес» деп әзілдейді. Бірақ артынша «идеалға ұмтылу маған тек жақсылығын тигізді» деп шындықтың бетін ашады. Сырт көзбен қарағанда оның перфекционизмі ешқандай психологиялық ауытқуға ұқсамайды. Жұрт тек жылтыраған мінсіз бейнені көреді, ал сол биікке жету машақаты әдеттегідей кадр сыртында қала береді.
1961 жылы Техастың Остин қаласында туған Томас Карлайл Фордтың болашақта сән әлемін бағындыратынына ол кезде ешкім сенбес еді. Ата-анасы жылжымайтын мүлік саласында жүрсе, кішкентай Том жазғы демалысын ата-әжесінің шаң басқан ранчосында өткізетін. Дегенмен, Фордтың өзі «анау-мынау емес, бірден блейзер мен лофер киіп туғанмын» деп күледі. Екінші сыныпта оқып жүргенде мектепке портфельмен барудан үзілді-кесілді бас тартып, қолына кәдімгі дипломат ұстап алған. Техастағы сыныптастары мұндай эстет баланы мазақ еткенімен, Форд балалық шағын бақытты кезең ретінде еске алады. Өйткені ата-анасы оның таңдауына әрдайым құрметпен қарап, қанаттандырып отырған.
Өмірлік жолын табу оңайға соққан жоқ. 18 жасында Нью-Йоркке оқуға барып, уақытының көбін атышулы Studio 54 клубында өткізген ол көп ұзамай Калифорнияға актер боламын деп тартып тұрады. Кино саласында жүріп ақша жинаған соң, сәулетші болу арманымен Parsons дизайн мектебіне түседі. Бірақ студенттермен бірге Ленинградқа жасаған саяхаты ойын түбегейлі өзгертіп, жігіт сән әлеміне біржола ғашық болады. 1985 жылы оқуын бітірген соң дизайнер Кэти Хардвикке көмекші болып жұмысқа тұрып, екі жылдан кейін Perry Ellis-ке ауысады.
1990 жылы Форд Миланға көшіп, атақты Gucci сән үйіне табан тірейді. Ол кезде брендтің жағдайы мүшкіл, банкрот болуға шақ қалып тұрған. Қарызға белшеден батқан компанияда негізін қалаушының немересі Маурицио Гуччи лицензияларды оңды-солды сатып, Gucci логотипі күлсалғыш пен кофе шыныаяқтарына дейін басылып кеткен еді. Осындай қиын сәтте марканың креативті директоры Доун Мелло жас Фордтың бойындағы талантты байқап, оған алдымен әйелдер, кейін ерлер топтамасын сеніп тапсырады. 1994 жылы Форд Меллоның креслосына жайғасады. Жаңа қожайын — бахрейндік Investcorp тобының қолдауына ие болған жаңа атқарушы директор Доменико де Соле Фордқа толық еркіндік береді. Нәтиже көп күттірмеді: 1995 жылғы күз-қыс топтамасы брендке жаңа тыныс, гламур мен сексуалдылық сыйлады. Фордтың өзі айтқандай, сол кезде оның қолы тиген нәрсенің бәрі алтынға айнала бастады. Табыс еселеп артып, бренд спорттық киімдер мен кешкі көйлектер шығаруды қолға алды. 1999 жылдың жазында Gucci екі алпауыт — Бернар Арноның LVMH және Франсуа Пиноның PPR топтарының талас нысанына айналып, ақыры Форд пен де Соле өз ұстанымдарын сақтап қалды.
Ақшасы тасыған Gucci енді кеңейіп, Gucci Group империясын құруға кірісті. Алғашқы үлкен олжа — Yves Saint Laurent сән үйі болды, онда Форд прет-а-порте желісін тізгіндеді. Сол жылдары кутюр топтамаларымен тікелей айналысқан Ив Сен-Лоранның өзі Фордты аса жақтырмай, «жақсы маркетолог, бірақ шама-шарқынша ғана жұмыс істейтін бейшара» деп ашық сынап жүрді. Мэтрдің сынына қарамастан, сән үйінің кірісі артып, Фордтың топтамалары сыншылардың мақтауына ие болды. Сонымен қатар ол Александр Маккуин мен Стелла Маккартни сияқты жас таланттарға инвестиция құюды табанды түрде қорғады. Алайда 2004 жылы Gucci Group ішіндегі билікке талас бәрін өзгертті. Акционерлер бақылауды күшейткісі келсе, Форд пен де Соленің тәуелсіздігі басшылыққа ұнамады. Ұзаққа созылған жанжал екеуінің де қызметтен кетуімен аяқталды.
«Gucci-ден кеткен соң, атқарған жұмысымды бүкіл әлемге паш етіп, бәрін қалың кітапқа жинақтап, оны Tom Ford деп атағым келді» дейді дизайнер. Кітап 2004 жылы жарық көрді, ал 2005 жылы ол Marcolin және Estée Lauder алыптарымен тиімді келісімшартқа отырды. Бұл сауатты бизнес-қадам еді: өзінен ірі қаржы талап етілмейтін, бірақ атын шығаратын жобалар. 2006 жылы Ermenegildo Zegna-мен бірлесіп, ерлерге арналған люкс киімдерін шығаруды бастады. Zegna-ны таңдаған себебі — олар киімнен бастап галстукке дейін бәрін бірден жасай алатын жалғыз серіктес еді. Ал 2010 жылдың қыркүйегінде Форд әйелдер сәніне өте құпия әрі салтанатты түрде оралды. Көрсетілімге тек 100 ықпалды қонақ шақырылып, суретке түсіруге қатаң тыйым салынды. Камера тек Терри Ричардсонға бұйырды. Подиумда Бейонсе, Джулианна Мур сияқты жұлдызды достары жарқырады. Бұл тактика бүгінге дейін өзгерген жоқ: Фордтың шоуында тек ең мықтылар жүреді, ал алдыңғы қатарда тек Голливуд жұлдыздары отырады.




