Париж подиумдарында жарқырап жүрген сері жігіт кенет етік пен әскери форма киіп, сапқа тұрса ше? Иә, Франция мен Италияның таңдаулы брендтерін әлемге паш еткен Шыңғыс Таңатпаев дәл осылай жасады. Бүгінде ол сәнді костюмін қатаң әскери киімге айырбастап, Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүр.
Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері модельдік карьерасын небәрі 17 жасында бастапты. Келісті келбеті мен бойы оны сән индустриясының шыңына жетелеп, халықаралық аренаға қиналмай алып шыққан. Pierre Cardin, Federico Barrazzo және Sauvage Multi сияқты атақты маркалардың бет-бейнесі болған жігіт талай елдің подиумының шаңын қаққан.
Ал қазір ше? Қазір подиумдағы кербез қадамдар саптағы мінсіз әскери жүріске ұласты. Гламурға толы сән әлемі мен қатаң әскери қызметтің арасы жер мен көктей көрінсе де, екеуінің алтын діңгегі бір — темірдей тәртіп. Мыңдаған көздің алдында өзіңді еркін ұстау қандай маңызды болса, әскерде де әр қимылға жауапкершілікпен қарап, бұйрықты мүлтіксіз орындау дәл сондай қажеттілік.
Ұлттық ұлан мәліметінше, жас сарбаз қазір Қарағанды көшелерінде қоғамдық қауіпсіздік күзетінде жүр. Күн сайын бұқаралық іс-шараларда тәртіпті қадағалап, қарапайым халыққа тікелей көмек көрсетеді. Тіпті, ата-анасынан көз жазып қалған бүлдіршіндерді тауып, жоғалған бағалы заттарды иелеріне қайтарған кездері де бір төбе.
Жалпы, қазіргі таңда еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам ұландық күн сайын қоғамдық тәртіпті күзетеді. Ал кеншілер астанасында маңызды міндетті атқаруға күніне 250-ден астам сарбаз жұмылдырылады.




