Биылғы жылдың ең атышулы жұлдызды тойы ешқандай дүрбелеңсіз, ұзын-сонар қонақтар тізімінсіз, көптің көзінен таса өтті. Дегенмен, сән әлеміне қатысты бірер қызық дерек құпия күйінде қала алмады.
Сонымен, Криштиану Роналду мен Джорджина Родригес ресми түрде шаңырақ көтерді! Әдетте дүйім жұртты таңғалдыратын дабыралы әрекеттерге жаны құмар ғаламшардың бас футболшысы бұл жолы өміріндегі басты мерекені барынша оңаша өткізуді жөн көріпті. Неке қию рәсімі жұптың Португалиядағы зәулім сарайында, тек бес баласының қатысуымен өтті. Алайда, мұндай оқиға айтулы фэшн-жаңалықсыз өтуі мүмкін бе? Бұл күні қос ғашыққа VILED портфолиосындағы серіктес брендтер — Gucci мен Chopard ерекше қолдау көрсетті.
Жас жұбайлардың символикалық мәні бар дүниелерге құмар екені белгілі. Той 2026 жылдың 11 тамызында — екеуінің алғаш танысқанына тура он жыл толған күні өтті. Естеріңізде болса, қос ғашық Мадридтегі Gucci бутигінде табысқан еді. Ол кезде атағы жер жарып тұрған футболшы дүкенге шопингке кірсе, Джорджина сол жердегі қарапайым кеңесші қыз болатын. Сондықтан той киімін таңдауда көп бас қатырудың қажеті де болмады. Осынау естелікке құрмет ретінде олар өздеріне және бес баласына арналған киімдерді тікелей Gucci брендіне тапсырыс беріп тіктірді.
Gucci-дің креативті директоры Демна Vogue журналына берген сұхбатында ағынан жарылды: «Махаббат хикаясы Мадридтегі дәл осы дүкеннен басталғанын біле тұра, өмірлеріндегі ең маңызды сәтте Джорджина мен Криштиануды киіндіру — біз үшін зор мәртебе. Мұның астарында терең бір романтика жатыр. Бейнебір қазіргі заманның ертегісі дерсің».
Джорджинаның өзі киімінің оңаша өткен жиын табиғатына сай болғанын қалады. Сондықтан дәстүрлі үлпілдек ақ көйлектің орнына ол жібек файльден тігілген, белдемше мен пиджактан тұратын жинақы ақ костюмді таңдады. Бұл образ Horsebit фирмалық бөлшегі бар атлас туфлимен толықты. Қалыңдықтың айтуынша, шағын отбасылық қуанышты «театрландырылған қойылымға» айналдыру оның ойына да кіріп шықпаған. Gucci ұсынған ақ жібек жиынтық күнделікті талғампаздықты дәл жеткізді. «Мен тек сүйіктіммен және балаларымызбен бірге үйде оңаша қалғым келді. Өйткені зәулім сарайлар, жеке аралдар, тұлпарлар мен қымбат көліктер – біз үшін таңсық емес, күнделікті қолжетімді дүние. Ал нағыз оңашалық – біз үшін бұйыра бермейтін сирек бақыт», – дейді Родригес.
Ал Криштиану Роналдуға Gucci мақта-матадан тігілген ашық сарғыш түсті костюм мен арнайы тапсырыспен лофер дайындап берді.
Дегенмен, «қарапайым әрі күнделікті образ» дегенде Джорджина сәл қулыққа басқан сияқты. Айтулы сәтте таққан әшекейлеріне көз салсаңыз, бәрі түсінікті болады. Бұл нағыз жоғары зергерлік өнердің жауһары! Chopard брендінің Garden of Kalahari топтамасынан алынған алқа, білезік және сырға. Әшекейдің қақ ортасында D түсті, Flawless тазалығындағы 50 караттық дөңгелек гауһар тас жарқырайды. Gucci-дің көзге ұрып тұрмайтын минималистік стилі мен көз қарықтырар гауһар арасындағы контраст зергерлік бұйымның бағасын одан сайын асыра түсті.
Garden of Kalahari топтамасын Chopard-тың креативті директоры Каролина Шойфеле салмағы 342 каратты құрайтын бірегей алмаздың негізінде жасап шығарған. Өңделмеген табиғи тас 2015 жылы Ботсванадағы кеніштен табылып, оған Queen of Kalahari — «Калахари патшайымы» деген ат беріледі. Шойфеле тарихи олжаны өз көзімен көру үшін Африкаға арнайы ат басын бұрып, нәтижесінде Chopard бұл тасты сатып алады. Оны өңдеуге зергерлер шамамен 3200 сағат жұмсаған. Осындай қажырлы еңбектің арқасында ерекше тазалық пен қайталанбас түске ие 23 гауһар тас дүниеге келді, оның бесеуінің салмағы 20 караттан асады.
Осы ірі бес тас зергерлік «бақтың» гүліне айналды. Мәселен, 50 караттық дөңгелек гауһар бағалы күнбағыс болып құлпырса, жүрек пішінді 26 караттық тас виола гүліне, ал алмұрт пішінді 25 караттық гауһар банан гүліне айналған. Сондай-ақ, бұл топтаманы зүбәржат пішінді қос гауһары бар білезік, екі жүзік және құпия сағат толықтырады. Жас жұбайлардың бағы жансын!




