Жер жүзіндегі сәнсүйер арулар жаппай «әжелер сандалиіне» бет бұрды. 2026 жылдың жазғы маусымында аталмыш сандалиялар сән көшін сенімді түрде бастады. Бүгінде жайлы аяқкиімдер әлемдік подиумдар мен көше образдарынан ойып тұрып орын алуда.

Соңғы маусымдардағы түбегейлі өзгеріс – сән-салтанат ұғымын басқаша түсіну. Тар жерге қадалатын биік өкшелер мен қозғалысты шектейтін күрделі дизайн өткеннің еншісінде қалып, ішкі еркіндік пен сенімділік сахнаға шықты. Заманауи өмір қарқыны әрбір заттан функционалдылықты талап етеді. Киім үлгілері жеңілденіп, артық салмақтан арылуда. Баулы, табаны тұрақты, жұмсақ былғарыдан жасалған сандалиялар күнделікті стильге де, қалалық қатаң образдарға да бірдей үйлесім табады.

«Әжелер сандалиінің» басты құпиясы – шексіз жайлылық. Қазіргі сән көшінде жұмсақ былғарыдан тігілген, ірі қапсырмалары бар, массивті табанды және аяқты мықтап ұстайтын үлгілер топ жарып тұр. Дегенмен, әңгіме тек бір ғана фасон жайында емес. Аталған санатқа минималистік былғары сандалиялар да, липучкасы бар спорттық бағыттағы үлгілер де кіреді. Оларды ортақ арнаға тоғыстыратын басты қасиет – практикалық пен ыңғайлылық.

Сән әлеміндегі жаңалық кездейсоқ пайда болған жоқ. Дизайнерлер мен атақты сән үйлері бірнеше маусым қатарынан аға буын өкілдерінің гардеробынан шабыт алуда. «Әкелердің кроссовкасы» мен «аналардың джинсы» дүрілдеген соң, аяқ денсаулығына қамқорлық жасайтын киімдердің де дәуірі келді.